Облыста скарлатина ауруына шалдығу фактілері 25 пайызға төмендеді. Жыл басынан бері 325 жағдай тіркелді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, скарлатинамен ғана емес, созылмалы вирустық гепатиттермен де сырқаттанушылықтың 14 пайызға, яғни 114-тен 98-ге дейін, жіті вирустық гепатиттермен – 12-ден 10-ға дейін, риккетсиоздармен – 24-тен 17-ге дейін, аскаридозбен – 10-дан 6-ға дейін, энтеробиозбен – 209-дан 194-ке, коронавирустық инфекциямен 35 есеге – 11445 — тен 323 — ке дейін, жіті ішек инфекциясымен – 228-ден 224-ке дейін төмендеді.
Облыста іш сүзегі мен дифтерия, дизентерия, менингококк инфекциясы, «В» типті гемофильді инфекция, сіреспе, полиомиелит, қызамық, паротит, безгек және басқа да бірқатар паразиттік және жұқпалы аурулар тіркелмеген.
— Облыста 10 инфекциялық және паразиттік аурулар, оның ішінде педикулез, жіті респираторлық вирустық инфекциялар, желшешек, дерматомикоз, лямблиоз, описторхоз, туберкулез, қызылша, көкжөтел, иерсиниоз бойынша сырқаттанушылық көрсеткіштерінің өсуі байқалады, — дейді Әсет Жұматаев.