Шайбалы хоккейден ел біріншілігі аясында «Құлагер» клубы өз мұз айдынында елордалық «Номад» командасын қабылдады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бірінші кездесуде жерлесіміз екі шайба айырмашылығымен Астанадан келген қонақтарға 1:3 есебімен жеңілген болатын. Қарымта ойында солтүстікқазақстандық хоккейшілердің асығы алшысынан түсті.
Матч басталысымен қос команда шабуылдауға кірісті. Алайда екі клуб ойыншылары жасаған соққылар нәтиже әкелмеді. Кездесудің екінші кезеңінде ғана есеп ашылды. Бірінші шайбаны елордалық соқты. Оның авторы – Олег Бойко. Кейі құлагерліктер таразы басын теңестіруге асықты. Осылайша жерлестеріміз сапында Евгений Лызин көзге түсті. Солтүстікқазақстандық қарымдарын күшейтіп, есепте алға шықты. Осы жолы Павел Анисимов шайбаны қақпаға дәл дарыта алды. Ал Филипп Святына «Құлагер» клубының жеңісін жақындатып, тағы бір нәтижелі соққы жасады.
Үшінші кезеңде «Номад» клубының ойыншылары есепті қысқартуға ұмтылды. Нәтижесінде Никита Колобов дегеніне жетті. Кейін жерлестеріміз тағы бір шайбаны қарсылас қақпаға дарытты. Ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда елордалықтар есеп айырмасын қысқартты. Матч 4:3 есебімен аяқталып, жеңіс «Құлагер» командасына бұйырды.