Биыл облыстық қуыршақ театры үш фестивальге қатысып, қанжығаларын майлап қайтты. Бұл туралы журналистерге ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында мәдени ошақтың көркемдік жетекшісі Айбол Қасым айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Маусым айында Астанада облыстық қуыршақ театрының труппасы ІІІ Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестиваліне қатысып, «Үздік қойылым» аталымында жеңімпаз атанды. Ал қазан айында Шымкенттегі өнер бәйгесінде ұжымның актері Сапар Мәпенов «Үздік актер» номинациясында үздік танылды.
Театрдың көркемдік жетекшісі Айбол Қасымның айтуынша, қазанның 20-сы мен 24-сі аралығында Алматы қаласында бірінші халықаралық «Almaty pupper festival» өтті. Ол жерде 14 театр өнер көрсетіп, жергілікті мәдени ошақтың «Қоңыз, өрмекші және көбелек» қойылымы байқаудың лауреаты атанды.
– Біз бір ортақ меморандум жасастық. Оның негізінде өңірімізге Перу, Болгария, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің театрлары келіп, өнерлерін көрсетеді. Кейін біз оларға гастрольдік сапармен барамыз. Алматы қаласындағы фестивальде болған кезде Ж. Елебеков атындағы республикалық эстрада цирк колледжіне барып, ондағы жас актерлерді өзіміздің ұжымға шақырдық. Жоспарымызда аталмыш орданың түлектерін театрымызға жұмысқа орналастыру бар, — дейді Айбол Қасым.
Баспасөз мәслихатында белгілі болғандай, облыстық қуыршақ театрында кадр мәселесі өзекті. Қазірдің өзінде мәдени ошаққа 4 актер жетіспей отыр.