Облыста патрульдік полицияның автокөліктеріне жаңа «Кибершериф» қондырғысы орнатыла бастады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін бейнебақылау жүйелерін пайдалану жол қауіпсіздігін нығайтудағы тиімді екенін өңір полицейлері алға тартып отыр. Бүгіндері облыс жолдарында «Ағын», «Интеллектуалды көше қиылысы» және басқа да стационарлық жүйелер қолданылып келеді.
Жыл басынан облыста автоматтандырылған жүйелер жол жүрісі қағидаларының 76 мыңнан астам бұзушылығын анықтады. Жуырда облыстық полиция департаментінің қолданысына «Кибершериф» деп аталатын екі жаңа мобильді аппараттық-бағдарламалық кешен келіп түсті. Патрульдік көлікке орнатылған әр кешенде 8 бейнекамера бар. Шолу аумағы 360 градус, сонымен қатар көлік салонында болып жатқанның барлығын аудио және бейне жазбаға түсіріп алуға қауқарлы.
Аталмыш кешен жылдамдықты арттыру, жолдың қарсы бөлігіне шығып жүру, ал қаланың ішінде – белгіленбеген жерге көлікті қаңтарып қою сияқты бұзушылықтарды тіркейді. Бұзушылықтар әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміне түседі. Сондай-ақ құқық бұзушыларға хабарламалар жіберу мүмкіндігі де бар. Бұл ретте патрульдік полиция батальонының қызметкерлері кешеннің жұмысына араласпайды, бірақ камералардың жұмысының барлық нәтижелері планшеттерге келіп түседі.
– «Кибершериф» деп аталатын екі жаңа кешен облысымыздың көлік қозғалысы көп жолдарында 30 қазан күні шықты. Бұл қондырғылардың мүмкіндіктерін қазіргі құбылмалы ауа райында тексеріп көре аламыз. Қазіргі уақытта олар тесттік режимде жұмыс істеуде және бұл жүйе өз жұмысын жақсы орындап жатыр деп айтуға болады, – дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.