Петропавлда есірткі таратып, сатты деген күдікпен 25 жастағы жігіт ұсталды. Енді ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, солтүстікқазақстандық полицейлер 25 жастағы петропавлдық азаматты ұстап, оның жалдамалы пәтерінен «дозаларға» бөлінген өсімдік тектес зат салынған 100 полимерлік пакет тәркіледі. Сараптама бұның гашиш екенін көрсетті. Тәркіленгеннің жалпы салмағы 2 келіден асты.
Аталған факті «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
— Күдікті ірі көлемдегі есірткі партиясын арнайы жасырылған орыннан алған. Аталған азамат қазіргі уақытта қамауға алынды, тергеу жүріп жатыр. Гашиштің аса ірі мөлшері 200 грамнан басталатынын естеріңізге саламыз. Бұл баптың санкциясы 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді, — дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.
Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда синтетикалық есірткілер «қара нарықта» басқа есірткі заттарын ысырып, кеңінен қолданылады. Өсімдік тектес есірткілерге қарағанда синтетикалық есірткілердің адамның психикасына тигізер зияны өте ауыр.
Жалпы СҚО полицейлері жыл басынан заңсыз айналымнан 730 келіден астам түрлі есірткі заттарын тәркілеп алды, оның 708 келіден астамы марихуана мен кептірілмеген қарасора және 20,5 келіден астамы гашиш пен 2,2 келіден астамы синтетикалық психобелсенді заттар.