«Абылай хан резиденциясы» мұражай-кешенінде «Теңге – тәуелсіздік келбеті» деген атаумен Ұлттық валюта күніне арналған жылжымалы көрме ашылды. Шараға қатысқан Ұлттық банктің облыстық филиалының мамандары мен еңбек ардагерлері төл теңгеміздің тарихына жан-жақты тоқталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ернияз Сұлтан Ұлттық валютаны енгізу ел экономикасының қалыптасуының алғышарты екенін айта келіп, теңгенің шығуымен Қазақстанның тәуелсіздігі де нығая түскенін жеткізді.
Көрме сөрелеріндегі банкноттар мен монеталар оны тамашалаушылардың қызығушылығын тудырды. Олардың жасалу жолын, дизайнын сұраған жандар аз болмады. Сауалдардың барлығына музей мамандары жауап беріп жатты.
— Кез келген тәуелсіз мемлекеттің ұлттық валютасы болу керек. Өйткені, бізді халықаралық қауымдастық төл валютамыз арқылы танып біледі. Менде Қазақстанның 93 жылы басып шығарылған теңгелері бар. 1, 3, 5, 10 теңгелерді көзімнің қарашығындай сақтап келемін. Әйгілі хандарымыз бен жырауларымыздың бейнелері жаныма ыстық, — деді М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің студенті Ерлан Бекен.