Облыста Qnet қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен 3 адам ұсталды. Облыстық экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, алаяқтар бұл пирамиданы өңір аумағында 2018 жылы құрған. Олар алаяқтықпен 3 жыл бойы айналысып, 73 солтүстікқазақстандықты сан соқтырыпты. Тұрғындарға келтірілген шығын көлемі 82 млн. теңгені құраған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
– Qnet қаржы пирамидасы Малайзияда тіркелген. Аталмыш ұйым алғашында халықаралық интернет саудасымен айналысты. Оған мүше болу үшін тұрғындар қомақты (600-ден 800 мың теңге аралығында) қаражат төлеген. Ұйымдасқан топ Петропавлда кеңсе жалдап, сол жерде мүшелікке адамдарды қабылдаған. Оларға арнап түрлі семинарлар өткізіп, дәрістер оқыған, – делінген департамент мамандары таратқан хабарламада.
Қаржы пирамидасын ұйымдастырғандардың қатарында ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкерлері де болған. Қазіргі уақытта Qnet ұйымын ашқан үш күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға қатысты қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) бойынша іс қозғалды.