СҚО-да жол жүрісі қағидаларын бұзған 5,8 мыңнан астам жаяу жүргінші жауапқа тартылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жыл басынан бері облыста жаяу жүргіншілердің қатысуымен 113 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 10 адам қаза тауып, 110-ы түрлі дене жарақатын алды. Полицейлердің сөзінше, жолда балалар да жапа шегеді. Биылдың өзінде кәмелеттік жасқа толмағандардың қатысуымен 78 жол апаты орын алып, 4 бала көз жұмды, 87-сі жарақаттанды.
Жыл басынан жол жүрісі қағидаларын бұзған 5800-ден астам жаяу жүргінші жауапкершілікке тартылды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жолдағы автокөліктер саны артып келеді.
– Жол жүрісі қағидаларын мүлтіксіз сақтаған жөн. Көшені белгіленбеген жерден кесіп өтпеу қажет. Бағдаршамнан өтер кезде көлік құралының сізге жол беріп тұрғанына көз жеткізіп алу керек. Бұл қысқы уақытта, көлік дұрыс тоқтай алмай қалуы мүмкін уақытта маңызды. Жүргізушілер жаяу жүргіншілер өткелдеріне жақындаған кезде жылдамдық алдын ала азайтулары және қажетті ара қашықтықты сақтауы тиіс. Көлік жүргізген кезде барынша мұқият болу қажет, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Соңғы 10 айда СҚО жолдарында 327 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 39 адам қаза тапты, 463 адам дене жарақаттарын алды.