СҚО полицейлері есірткіге қарсы рейдтік іс-шараны жаңа форматта өткізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Полицейлер жасөспірімдерді нашақорлыққа және есірткі бизнесіне кіріп кетуден қорғау мақсатында жастардың көп жиналатын орындарын аралады. Тәртіп сақшылары иісшіл иттермен көңіл көтеру орындарында тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексерді.
Жастар арасында танымал демалыс және романтикалық кездесулер өткізуге арналған орындар да полицейлердің назарынан тыс қалмады. Осындай орындардың бірінде сағат 22.00-ден кейін жүрген кәмелет жасына толмаған қыз бала анықталды. 18 жасқа толмаған жасөспірімдерге түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында заңды өкілдерінсіз болуға тыйым салынған. Оның ата-анасына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
– Сондай-ақ рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері есірткі қолданудың салдары мен оның өткізген жағдайда қарастырылған жауапкершілік туралы жадынамалар таратты. Тұрғындар арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстары барысында t.me/sko_narkohelp_bot деп аталатын Telegram-боттың жұмысы жайында тағы бір мәрте ескерттік. Бот арқылы барлық қажетті ақпаратты алуға болады. Мұнда жақын адамдардың есірткі қолдануының қандай белгілері болатынын білуге, есірткінің заңсыз айналымымен, интернетте есірткі курьерлерін іздеумен байланысты және осыған ұқсас басқа да қылмыстар туралы анонимді түрде хабарлауға болады, – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Сапаров.
Жыл басынан солтүстікқазақстандық жедел уәкілдер 18 профилактикалық рейд өткізді. Ювеналдық полицейлермен бірлесіп өтетін рейдтік іс-шаралар алдағы уақытта да жүргізілмек.