Ақтауда қазақ күресінен өтіп жатқан ел біріншілігінде жерлесіміз Алтынбек Аусағитов қола медальға қол жеткізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстікқазақстандық балуан Алтынбек Аусағитов 100 килограмм санатында өнер көрсетті. Қазақстан чемпионатында ол 5 кездесу өткізіп, тек біреуінде ғана есе жіберді.
— Бірінші айналымда бос болдым. Екінші кездесуде атыраулық балуанмен күрестім. Кейін Шығыс Қазақстан облысының өкілімен белдестім. Финалға шығу үшін қазақ күресінен 2022 жылғы әлем чемпионы Марат Байкмуровпен кездесіп, оған есе жібердім. Бұған дейін бұл қарсыласымды ұтып жүрген едім. Бірақ менде жүлдегер атану мүмкіндігі болды. Мен оны пайдаланып, алдымен астаналық қарсыласымды жеңіп, содан соң ақмолалық спортшы қапы қалдырдым. Нәтижесінде қола медальді еншіледім, — дейді Алтынбек Аусағитов.
Биыл қазақ күресінен ел біріншілігінде «Қызылжар арландары» клуыбының 15 мүшесі қатысып жатыр.