Жыл басынан бері облыста 613 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Алданғандардың басым бөлігі – Петропавл қаласының тұрғындары мен Қызылжар ауданының азаматтары, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО полиция департаменті жанындағы консультативтік-кеңесші органның отырысында қоғам өкілдерінің алдында сөз алған Қызылжар ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Рустам Садуловтың айтуынша, 10 айдың ішінде алаяқтар аудан тұрғындарын 38 миллион теңгеге сан соқтырған.
– 2023-2025 жылдарға арналған киберқылмыстарға қарсы күрес жөніндегі бағдарлама шеңберінде осы қылмыс түрінің алдын алу бойынша күшейтілген жұмыстар жүргізілуде. Тәртіп сақшылары еңбек ұжымдарымен де кездеседі. Алаяқтық қаупі жайлы ескертетін 21 билборд қойылды, аудандық полиция бөлімінің аккаунттарында, баспасөзде жадынамалар мен парақшалар жарияланып жатыр. Тұрғындар арасында 17 жиналыс өткізілді. Адамдардан жеке бастарына қатысты мәліметтерді, банктік карталарының құпия пин-кодтарын, парольдарды ешкімге айтпауларын сұраймыз, жалған банк қызметкерлерінің қоңырауларына сенбеуге шақырамыз, – дейді Рустам Садулов.