Ресейдің Рязань облысында «Свидания на Театральной» атты халықаралық фестиваль өтіп жатыр. Мәдени шараға Петропавлдың Н.Погодин атындағы орыс драма театры қатысуда, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Свидания на Театральной» атты VIII халықаралық фестивалінде Қазақстан мен Ресейдің драма театрлары бақ сынауда. Биылғы өнер бәйгесіне Н.Погодин атындағы орыс драма театры да шақырту алды.
Фестивальде петропавлдық өнер ұжымы «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» трагедиясын ұсынды.
– Рязань облысында театрлардың дәстүрлі фестивалі өтіп жатыр. Біздің ұжым мәдени шараға қатысуға бел буды. «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» спектаклі көрермендердің қошеметіне бөленді. Енді қазылар алқасы әділ бағасын беретініне сенімдімін, — дейді Н.Погодин атындағы орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Тимур Кәрімжанов.
Фестиваль қарашаның 19-на дейін жалғаспақ. Оның қорытындысы бойынша үздік өнер труппасы анықталып, түрлі аталымдар негізінде театрлар марапатталмақ.