Медициналық жедел жәрдем бригадасы науқастың өмірін аман алып қалды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавлдағы медициналық жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, қарашаның 14-і күні сағат 20:30-да «103» пультіне шақырту түскен Белгілі болғандай, 72 жастағы ер адам кеудесіндегі ауырсынуға шағымданып, туысқандарынан көмек сұраған. Олар дәрігерлерді шақыртады. Араға 9 минут салып, мекенжайға фельдшерлер Жұлдыз Қаскенов пен Бақтияр Айкенов жетіпті.
Денсаулық сақтау саласы мамандарының сөзінше, жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жеткіліксіздігінен науқастың жағдайы нашарлаған. Алынған ЭКГ-ның нәтижесінен миокард инфарктісінің белгілері көрініпті. Көмек көрсету кезінде зейнеткердің жүрегі тоқтап, дәрігерлерді қатты алаңдатады. Реанимациялық іс-шараларды жүргізу үшін қосымша бригада шақыртылды. ACLS стандартына сәйкес кеңейтілген жүрек-өкпе реанимациясының 7 циклынан кейін жүрек қызметі 21:28-де қалпына келтірілді. Осылайша Ерғали Исмагулов пен Александр Сторчаковтың жедел әрекеті арқасында 72 жастағы ер адам клиникалық өлімнен құтқарылды.