Көршілеріне былапат сөздерін айтқан мемлекеттік қызметшінің үстінен шағым түсті. Оның бейәдеп әрекеті Әдеп кеңесінің отырысында талқыланды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Биыл мамыр айында облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Бүркіталин мемлекеттік қызметкерге лайықсыз әрекетімен көзге түсті. Ол көршісіне былапыт сөздер айтып, қала тұрғыны оның үстінен арыз түсірді.
– Нұрлан Бүркіталин мемлекеттік этиканы бұзып, месенджердің бірінде боғауыз сөздерді жазды. Қызметтік тексеру барысында Сатыбалдина мен Бүркітәлиннен түсініктеме алынды. Арызданушы дәлел ретінде ватсаптағы жазбаның скриншотын көрсетті, — деді мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Дархан Ермеков.
Жиында Нұрлан Бүркіталин тағылған айыппен келіспей отырғанын жеткізіп, департамент тәртіптік істі қайта қараудан бас тартуы керек екенін айтуда.
– Маған қатысты істі қарауға қарсымын. Жазығым жоқ. Өзімді кінәлі деп санамаймын, — деді Нұрлан Бүркіталин.
Десе де Әдеп жөніндегі кеңесте қаралған істің нәтижесінде Нұрлан Бүркітәлинге қатаң сөгіс беру ұсынылды.