18 қараша күні болған боранның салдарынан бірнеше ауыл жарықсыз қалды. Дәл осындай жағдай Петропавлда да тіркелді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы» акционерлік қоғамының ақпаратына сүйенсек, боранда Аққайың, Қызылжар, Есіл, Мамлют, Шал ақын, Тимирязев, М.Жұмабаев және Жамбыл аудандарындағы кей ауылдар электр қуатынсыз қалды. Қар мен қатты желдің салдарынан электр желілерінің сымдары қатып, істен шыққан.
Қазіргі кезде арнайы бригадалар боран келтірген залалды анықтап, жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Ең күрделі ақау М. Жұмабаев ауданында тіркелді. Аудан және қала мамандары «ПТЭЦ-2-Булаево-нефть» орнында ВЛ-110кВ тірегінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Электр желілерінде жұмыс күшейтілген режиге көшірілген.