Тайынша ауданындағы жеті ауылдың ішкі жолдары орташа жөндеуден өтті. Бұл мақсатқа бюджет есебінен 911 млн. теңге бағытталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұдан бөлек, аудандық маңыздағы жолдарды қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп, 2,9 млрд. теңгеге 114 шақырымы жөнделді. Осылайша, 20 елді мекенде тұратын 8,8 мың тұрғын сапалы жолмен қамтылды.
Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжановтың айтуынша, аудандық деңгейдегі жолдардың сапасын жақсарту мақсатында 6 жоба жүзеге асырылды.
– Халықты аудан орталығымен байланыстыратын жолдардың сапасына аса мән берген жөн. Сондай-ақ елді мекендерді жалғайтын бағыттарды да қалыпқа келтіруіміз керек. Сол себепті біз биыл ауқымды жобаларды жүзеге асырдық. «Виноградовка – Ясная Поляна — Кирово», «Краснокиевка – Октябрьское», «Тайынша – Қантемір – Котовское», «Ясная Поляна – Тихоокеанское – Шұңқыркөл – Көкшетау-Омск», «Келлеровка – Южное» бағыттары бойынша автомобиль жолдарында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, — дейді Берік Әлжанов.