Биылғы жылы облыстың денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражаттың көлемі 48 пайызға өсті. Десе де әлі күнге дейін ауруханалардың инфрақұрылымы оңалар емес. Соңғы мәліметтерге сәйкес, саланың тозу көрсеткіші 77,5 пайызды құрап отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО әкімдігінің мәліметінше, өңірдегі инфрақұрылым желісін жаңарту мақсатында қосымша медициналық қондырғыларды сатып алуға 5,2 млрд. теңге бөлінді. Сондай-ақ биыл аудандық емдеу мекемелерінің техникалық паркін жаңартуға 14 санитарлық көлік берілсе, келер жылы тағы 19 арнайы техника жеткізілмек.
– «Ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасы аясында алдағы уақытта 46 медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Олардың сегізін жақын арада халық игілігіне тапсырамыз. Бұдан бөлек, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 480 төсек орынға шақталған көпсалалы аурухананың құрылысы жанданады, – дейді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.