Биыл Мамлют ауданының Афонкино және Андреевка ауылдарындағы Мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтті. Келер жылы бұл жұмыс тағы 5 елді мекенде жүргізілмекші, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңірлік орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мамлют ауданының әкімі 2024 жылы жоспарланған жұмыстарды баяндады. Елена Степаненконың айтуынша, Мамлютка қаласында, Воскресеновка, Дубровное, Бике және Белое ауылдарының мәдени ошақтарын күрделі жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Сондай-ақ Новодубровное елді мекенінде желтоқсан айында мәдени-демалыс орталығы ашылмақшы. Ол бастауыш мектептің ғимаратында орналастырылады.
– 2024 жылы Мамлютка қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені тұрғызылады. Онда үлкен ойын, тренажерлер, бокс және теннис залдары болмақ. Осылайша ауданда кенжелеп қалған спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік туады, – дейді Мамлют ауданының әкімі Елена Степаненко.
Ауданда жеке кәсіпкерлердің қаражатына спорттық-сауықтыру нысандары салынып жатыр. Мәселен, «Белое-Агро» ЖШС биыл Щучье ауылында демалыс орталығын ашуды жоспарласа, «Новомихайловское-2003» ЖШС шаруашылық базасында спорт залды халық игілігіне тапсырды. «Стан» ЖШС Афонькино ауылындағы бұрынғы дүкенді күрделі жөндеуден өткізіп, келер жылы елді мекенде фитнес-залын іске қоспақ.