Петропавлда 7 жастағы қызды анасы мен өгей әкесі ұрғаннан кейін ол облыстық балалар ауруханасына жатқызылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қарашаның 23-і күні сағат 17:00 шамасында Петропавл қаласы ПБ бірінші полиция бөліміне облыс орталығындағы орта мектептердің бірінің медицина қызметкері хабарласты. Оның сөзінше, екінші сыныпта оқитын қызды ата-анасы ұрған. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабының 1-бөлігі «Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
– Кәмелетке толмаған баланы 26 жастағы анасы мен 33 жастағы өгей әкесі ұрып-сұқан. Денсаулығына зақым келтірілгені анықталды. Қыздың ата-анасы өз кінәларын мойындады. Олар мұндай жағдайға баланың тіл алмауы себеп болғанын алға тартты. Істің барлық мән-жайларын зерделеуге бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, оның нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады, — дейді СҚО ПД баспасөз қызметіндегілер.