Бішкекте ТМД елдері арасында «Мектептегі тамақтану – жалпы дамудың бағыты» тақырыбында бірінші халықаралық форум өтті. Оған Қазақстанның Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева қатысты. Оның айтуынша, өңірлерде шығарылған отандық өнімдерді пайдалана отырып, мектеп тамақтануына ұлттық тағамдарды енгізу – балалар денсаулығын сақтаудағы маңызды қадамдардың бірі.
Осы мақсатта министрлік Ұлттық салауатты тамақтану орталығымен бірлесіп, Астананың алты мектебінде «Ұлттық мектеп асханасы» пилот жобасын жүзеге асырды. Жаңа үлгіде мектептегі тамақтану мәдениетін қалыптастыру бойынша кезең-кезеңімен шаралар кешені қарастырылған.
— Әр мектеп оқушылардың «салауатты өмір салтын ұстанатын мектебіне» айналуға тиіс. Мектептің кез-келген қызметі сауықтыру-педагогикалық бағытта болады. «Ұлттық мектеп асханасы» жобасы ұлттық тағам мәдениетін қалыптастыруға және мектептің ас мәзіріне 50 ұлттық тағамды енгізуге мүмкіндік береді. Бұл – көп ғасырлық дәстүр бойынша жасалған мәзір, ежелден келе жатқан тәжірибенің нәтижесі, — деді Наталья Жұмаділдаева.
Еске салайық, биыл қыркүйек айынан бері 1,6 миллионнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтылды. Оның ішінде 1,4 миллион бала 1-4 сынып оқушылары және 200 мыңнан астамы әлеуметтік осал топ санатындағы 5-11 сынып оқушылары.
Сапалы тамақтануды ұйымдастыру мақсатында министрлік білім беру ұйымдарындағы балалардың тамақтану нормасын қайта қарады. Атап айтқанда, ас мәзіріне өңірлерде өндірілген отандық өнімдерді енгізу нормасы қосылды. Бракеражды комиссиялардың және ведомствоаралық сарапшылық топтардың мүшелеріне арналған мониторингтік топтардың қызметінің тәртібі туралы заңнамалық нормалар бекітілді.