Облыс аумағында биылғы жылдың он бір айында 50-ге жуық адам есірткі сатты деген күдікпен ұсталған, оның жартысынан көбі 25-ке толмаған жастар, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Мұндай статистиканы облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев «Пилигрим» студенттік театры сахналаған спектакльді көру үшін М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің бірінші оқу ғимаратына жиналған жастарға айтты. Қойылым облыстық полиция департаменті мен университет арасындағы нашақорлықтың алдын алу жөніндегі бірлескен жоспары шеңберінде жүзеге асырылды. Қойылым аяқталған соң көрермендерге жақын адамның есірткіге тәуелді екенін анықтауға болатын белгілер туралы айтылды. Содан кейін полицейлер мен психологтар жастардың сұрақтарына жауап берді.
Жуырда «Telegram мессенджерінің пайдаланушыларына «t.me/sko_narkohelp_bot» деп аталатын анонимді бот ашылған. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері осы телеграм-бот арқылы 25 хабарлама алған. Барлық хабарламалар бойынша тексерулер жүргізіліп, қажетті шаралар қабылданды.