Сыйға инватакси көлігі берілді

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Халықаралық мүгедектер күніне орай «Қазақстан халық Банкі» АҚ-нің облыстық филиалы Смирнов әлеуметтік қызмет көрсету орталығына инватакси көлігін сыйлады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.

Аққайың ауданында орналасқан бұл мекемеде 245 адам күтім көріп отыр. Орталықты паналаған мүгедектер мен зейнеткерлерге екі санат бойынша қызмет көрсетіледі.

Смирнов әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Андрей Сембаевтың айтуынша, орталықта көлік болғанымен арбаға таңылғандарды тасымалдауға арналған инватаксидің мүмкіндігі зор. Орталық қамқорлығындағыларды медициналық мекемелерге, мәдени және спорттық іс-шараларға тасымалдау жеңілдейді.

–Бұған дейін қайырымдылық қорымен бірігіп, Петропавл қаласындағы және Тайынша ауданындағы орталықтарға осындай көлік сыйладық. Аз қамтылған отбасылармен де тығыз байланыстамыз. Халықаралық балаларды қорғау, білім күні қарсаңында осындай отбасыларға барып, балаларды қуантамыз. Яғни біздің банк әлеуметтік саланы үнемі назарда ұстайды, – дейді «Қазақстан Халық Банкі» АҚ СҚОФ директорының орынбасары Саида Қабжанова.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында биыл мүгедектігі бар адамдарға арналған инватакси қызметіне жергілікті бюджеттерден 3,5 млрд теңге бөлінетіні туралы айтқан болатын. «2022 жылы мүгедектігі бар 19 мыңнан астам адамға инватакси қызметі көрсетілді. Оның ішінде 6 мыңнан астамы кресло-арбамен жүреді. 2023 жылға инватакси қызметтерін көрсету үшін жергілікті бюджет қаражатынан 3 503,6 млн теңге (2022 жылы – 2 735,0 млн теңге) көзделген», – деген еді Премьер-Министр.

Қағидаларға сәйкес жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, инватакси қызметтерін алушылар санатын және инватакси қызметтерін ұсынатын объектілер мен межелі пункттер тізбесі кеңейтіледі. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар инватакси тасымалдарына қажеттілікті ескере отырып, өнім берушімен шарт жасасу кезінде жұмыс режимін белгілей де алады.

Ал жергілікті қаржы ұйымы қайырымдылық істерді жалғастыра бермек. Игі бастаманы облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев атап өтіп, филиалға сәттілік тіледі.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz