СҚО-да туабітті жүрек ақауымен 800-ден астам бала бар

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Облыста туабітті жүрек ақауы бар балаларды ұлттық ғылыми медицина орталығынан келген мамандар қабылдап жатыр. Қазіргі уақытта осы диагноз қойылған 817 бала дәрігерлердің бақылауына алынған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Астанадағы ұлттық ғылыми медицина орталығының мамандары Петропавлға жылына екі рет келіп, облыстық балалар ауруханасында кішкентай сырқаттарды қабылдайды. Білікті кардиохирургтардың міндеті – диспансерлік есепте тұрған балалардың жағдайын байқап, қажет болған жағдайда отаға дайындау.

— Сапар барысында кардиологиялық және кардиохирургиялық көмекті қажет ететін барлық баланы қамтимыз. Осы жерде УЗИ-ге түсіреміз, электркардиограмма жасаймыз. Жүректің туабітті ақауларын анықтау мақсатында, диагноз қойылған жағдайда әрі қарай емдеуді белгілеу үшін қажетті зерттеулерден өткіземіз.

Балалардың дерті асқынса, жағдайы ауырласа, Астанаға жолдама береміз. Ұлттық ғылыми-медициналық орталықта толық тексеруден өткізіп, ота жасалады. Қалғандары осында кардиологтардың бақылауында болады. Оңалтудан өтеді, стационарға жатқызылып, ем алады. Келесі жолы келгенде тағы да зерттеп, өзгерісті байқап, соған қарай шара қолданамыз, — дейді Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың кардиохирургы Ринат Майоров.

Маманның айтуынша, туабітті жүрек ақауын қазір бала анасының құрсағында жатқанда УЗИ арқылы анықтауға болады. Жүрек ақауының неден болатынын нақты айту мүмкін емес, себебі көп, соның бірі — тұқымқуалау. Егер әйел адам жүктілік кезінде қандай да бір аурумен ауырып, антибиотик қабылдаған болса соның зияны балаға әсер ету мүмкін. Сонымен қатар, экология мен дұрыс тамақтанбау да әсер етіп, дерттің дамуына әкелуі ықтимал.

— Туабітті жүрек ақауының бірнеше түрі болады. Жеңіл болса кейбір шектеулерді ұстанып, мамандардың бақылауында болады. Ал ауыр түрінде ота жасалып, кейін ол да қалыпты өмір сүру салтына көшеді, — дейді астаналық кардиохирург.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz