Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимское ауылында 50 пәтерге шақталған көпқабатты тұрғын үй тұрғызылады. Бүгіндері баспананың жобалық-сметалық құжаты әзірленуде, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Новоишимское ауылындағы көпқабатты үйден пәтерлер аудан тұрғындарына ипотекаға берілмекші. Құрылыстың жобасын «Шымгоркроект» ЖШС жасауда.
– Өткен 10 айдың ішінде ауданда 11864 шаршы метрді қолданысқа берілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында желтоқсан айында 50 пәтерге шақталған баспана халық игілігіне беріледі. Сондай-ақ биыл «2026 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту концепциясының» көмегімен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 16 пәтер сатып алынып, қожайындарына тапсырылды, — дейді Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Руслан Аңбаев.
Аудан әкімінің айтуынша, жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен 44 тұрғын үй халық игілігіне берілді.
– Возвышенка ауылында– 15, Березовкада –2, Раисовкада –10, Ковыльноеда– 6, Ставраполкада– 3, Урожайный мен Пескиде –4, Целинноеда –3 және Привольноеда –1 тұрғын үй тұрғызылды. Бұған қоса, Березовкада –2, Буденноеда –5, Пескиде –2 баспананың құрылысы басталды. Барлық үйлер ауданда 50/50 бағдарламасы шеңберінде салынып жатыр, – дейді Руслан Аңбаев.