СҚО-да жұмыс істеген қаржы пирамидалары анықталды

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

СҚО-да үш қаржы пирамидасы бөлімшесінің жұмыс істегені анықталды. Бұл туралы өңірлік орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық экономикалық тергеу-тексеру департаменті басқармасының басшысы Ержан Өмірбеков мәлім етті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Бүгіндері облыста экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері «Тоқта, пирамида!» іс-шарасын жүргізуде. Оның аясында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша белсенді ақпараттық түсіндіру жұмыстары өткізіліп келеді. Бұған қарамастан күмәнді ұйымдарға ақша аударатындар азаяр емес. Оған дәлел – өңірде анықталған қаржы пирамиадалары.

– Биыл «Hermes Ltd» пирамидасының құрылымдық бөлімшесі анықтады. Аталған қылмыстық іс сотта қаралып, үкім шығарылды. Заңсыз ұйымға 15 салымшының тартылғаны белгілі болды. Олар 15 млн. 600 мың теңге қаражат аударған. Сондай-ақ Қылмыстық Кодекстің 217-бабының 2-тармағы бойынша «Chia Tai-Tianqing Pharmaceutical» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, — дейді СҚО экономикалық тергеу-тексеру департаменті басқармасының басшысы Ержан Өмірбеков.

Департаменттің мәліметінше, биыл қаңтар мен сәуір айлары аралығында елімізде «Сhia Tai-Tianqing» инвестициялық компаниясының ұйымдастырушылары әлеуметтік желілер арқылы азаматтарды қатарларына тартып, салымшылардан ақшалай қаражатты заңсыз тартқан. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында СҚО аумағында салымшылардың жалпы саны 27 адамды құрады. Шығын көлемі 22 млн. 700 мың теңгеден асты.

– Облыста «Qnet» қаржы пирамидасының өңірлік бөлімшесі де жұмыс істеді. Қазіргі уақытта күдіктілер қылмыстық іс бойынша тергелуде. Бұл заңсыз ұйым Малайзияда тіркелген. Бірлескен қызметке қатысу үшін азаматтар «Qnet» компаниясына 600-ден 800 мың теңгеге дейінгі мөлшерде, сондай-ақ кеңсені жалға алу үшін 40 мың теңгеден жарна төлеуге міндеттелген. . Қазіргі уақытта 82 млн. теңге қаражатын сеніп тапсырған 73 салымшы анықталды, — дейді Ержан Өмірбеков.

Қаржылық мониторинг көрсетіп отырғандай, Қазақстандағы қаржы пирамидаларының құрбандары әдетте 31 жастан 60 жасқа дейінгі адамдар болады. Жалпы санның 74%-ның жұмысы бар, 62%-ы жоғары оқу орындарын бітіргендер.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz