Мұғалімдер арасында республикалық пікірсайыс турнирі өтті

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Назарбаев зияткерлік мектептерінің 15 жылдық мерейтойына орай Петропавлда мұғалімдер арасында «Қос аңыз» республикалық пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды. Оған еліміздің түрлі өңірлерінен қазақ лигасының 12 командасы қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

– Ұстаздардың арасында тәжірибе алмасудың маңызы өте зор. Дебат қозғалысы оқушылардың ортасында кеңінен танымал екендігін атап өткен жөн. Сондықтан форматтың біріңғайлығын қамтамасыз етіп, ортақ тақырыптар, шәкірттерге нені үйрету керектігі, ұтымды тұстары қандай екенін көрсету үшін ұстаздарды үйрету мақсатында, екіншіден, мұғалімдердің ораторлық шеберліктерін шыңдау үшін алғаш рет осы «Қос Аңыз» пікірсайыс турнирін ұйымдастырдық, – дейді Петропавл қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Бақытжан Тұрсынов.

Екі күн бойы Астана, Павлодар, Ұлытау, Семей, Қостанай Көкшетау, Солтүстік Қазақстан өңірлерінен келген мұғалімдер білім беру саласы, қоғамның өзекті проблемаларын ортаға салып, өзара талқылап, шешу жолдарын ұсынды. Семей қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Данияр Кемешев дебатпен студенттік кезден айналысып келеді. Бүгіндері ол «Қағида» пікірсайыс клубына жетекшілік етеді.

– Мұғалімдер арасында да пікірсайыс турнирлері өтсе екен деп бұрыннан армандайтынбыз. Сол арманымыз Петропавлда жүзеге асқанына қуаныштымыз. Өйткені оқушыларды осындай сайыстарға әзірлейтін мұғалімдердің өздерінде сайыстың форматы жайлы түсінік болуы керек, сыни ойлай алуы керек. Оны оқушыларға түсундіру үшін, тәжірибе жинақтау үшін осы турнирдің маңызы зор деп айтар едім, – деп бөлісті Семей қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Данияр Кемешев.

Ұлытау облысының Қарсақбай кентіндегі 15 тірек мектебінде тарих пәнінен сабақ беретін Дархан Есенбаев үшін бұл дебат сайысы алғашқы сынаққа айналды. Білім саласына 4 жыл бұрын қосылған маман алдағы уақытта бұл іспен мықтап айналыспақшы.

– Небір мықты мамандар келген екен. Бұл – таным көкжиегімді кеңейтіп, тәжірибемізді бөлісіп, тәжірибе жинап, кейін оны оқушыларыма үйретуге керемет мүмкіндік. Бұрын өзім дебатқа аса қызыға қоймайтынмын. Өйткені қелген тақырыпқа байланысты, өзіңе ұнамай тұрған жақты қолдап, сөйлеуге қарсы болатынмын. Бүгін қызу дебатты көріп, бір сәуле ғайыптан пайда болды. Енді сол сәуелінің жетегінде жүріп, ұлт болашағын тәрбиелесек деген ниетіміз бар, – дейді ұлытаулық №15 тірек мектебінінің тарих пәнінің мұғалімі Дархан Есенбаев.

Турнир британдық парламент форматында қомандалық сайыс және Линкольн-Дуглас форматында жеке спикерлердің сайысы түрінде ұйымдастырылды. «Үздік спикер» атағын қостанайлық ұстаз Дастан Қалиев жеңіп алды. Құрамалар арасында үшінші орынға «Павлодар А» командасы тұрақтады. Екінші және бірінші орындар бұл жолы Қостанай қаласының «Амангелді тарландары» және «Парасат майданы» құрамаларының дебатшыларына бұйырды. Жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz