Жыл басынан бері петропавлдық полицейлер тыныштықты бұзған 2 мыңнан астам адамды жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Желтоқсанның 12-сі күні таңғы сағат 06:30-да Петропавлдағы Н.Назарбаев көшесіндегі үйлердің біріндегі жастардың басқосуы тұрғындардың тыныштығын бұзған. Анықталғандай, тұрғындар көрші пәтерде бас қосқан бір жігіт пен екі қыздың күлкісі мен айқайынан оянып кеткен. Шақыртуға келген учаскелік полиция инспекторы пәтерді жалға алған 21 жастағы бойжеткенге әкімшілік хаттама толтырды. Ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Адамдарды таң атпай оятқан жастар пәтерден шығарылып, кілт пәтер бюросына тапсырылды.
– Түнгі уақытта осындай фактілерге барып, шаралар қолдану үшін учаскелік инспекторлар кезекшілікке түседі. Түнгі уақыттағы шу – жиі жасалатын құқық бұзушылықтардың бірі. 11 айдың ішінде облыс орталығының аумағында осындай 1928 факті тіркелді, – дейді Петропавл қалалық ПБ бастығы Марат Жұмалиев.
Жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы сағат 09:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы сағат 10:00-ге дейін тыныштықты бұзғаны үшін жеке тұлғаларға бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.