Өңірде «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы заманауи сүт фермаларының құрылысын қаржыландыруға 17 млрд. теңге бөлді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
«Солтүстік» ӘКК мәліметінше, сүт-тауар фермаларын салу бойынша үлкен жоба аясында алғашқы бес нысанның құрылысына жеңілдетілген несие беруге шешім қабылданды. Қаражат шаруашылықтарға 10 жылға 2,5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Кәсіпкерлер қарызды тек екі жылдан кейін ғана қайтара бастайды.
Мәселен Есіл ауданындағы «Атамекен-Агро Корнеевка» ЖШС-ге 1,5 млрд теңге және «Азия Тораңғұл» ЖШС-ге 1 млрд теңге қаржыландырылды. Бұл шаруашылықтар 1300 және 800 басқа арналған ферма құрылысын қолға алады.
Сондай-ақ Аққайың ауданы Власовка елді мекеніндегі «Гердт» шаруа қожалығында, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Нежинка елді мекеніндегі «Нежинка Ерке» ЖШС-де, Тайынша ауданы Красная поляна елді мекеніндегі «Зеленые луга» ЖШС-де жаңа сүт-тауар фермалары бой көтермек.
Нәтижесінде қосымша 200 жұмыс орны ашылады.
«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жалпы осындай 18 жобаны қаржыландырмақ ниетте.
СҚО-да соңғы жылдары осындай 30 заманауи ферма ашылды. Биыл тағы 13 мың басқа шақталған 17-сінің құрылысы басталып, 9-ы пайдалануға берілді. Нәтижесінде бір ферманың ашылуымен кем дегенде елу адам жұмыспен қамтылады.