Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында адам құқықтары мен балалардың мүдделерін қорғау мәселелері қаралды. СҚО бойынша адам құқықтары жөніндегі уәкіл Жанат Жұмабаевтың сөзінше, 11 айдың ішінде өкілдікке 317 өтініш, ұсыныс пен шағым түсті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Комиссия отырысына бала құқықтары жөніндегі уәкіл, облыстық мәслихат депутаты Сәуле Сұрағанова қатысып, өңірде 139 мыңнан астам бала бар болса, оның 74 мыңнан астамы әлеуметтік қорғалмаған және аз қамтылған отбасылардың мүшелері екенін атап өтті. Олар 458 білім беру мекемесінде оқиды.
– Облыста отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға арналған «111-Аmanat» бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы жұмыс істеп жатқанын айтуға болады. Сонымен қатар қазіргі уақытта облыс мектептерінде «Komek Stop Bullying» атты пилоттық жоба іске асырылуда. Ол оқушыларға берілген QR-кодтар арқылы психологтармен және құқық қорғау органдарымен қауіпсіз және құпия қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ білім басқармасы балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларына жедел жауап беру үшін «WhatsApp» арқылы жедел чат та бар, — дейді Сәуле Сұрағанова.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу шеңберінде рейдтер, тренингтер мен әңгімелер өткізіледі, «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» шеңберінде тәрбие жұмысына және ата-аналармен жұмысқа ерекше назар аударылатыны туралы да айтылды.