Облыста тіркелетін қылмыстардың 27 пайызы интернет алаяқтыққа қатысты. Өңірде соңғы 11 айдың ішінде киберқылмыстың 716 фактісі анықталып, келтірілген шығын көлемі 800 млн. теңгеден асты. Оның 29 млн.-ы иелеріне қайтарылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұдиновтың айтуынша, кез келген адам алаяқтың құрбаны болуы мүмкін. Жақында облыстың бас полицейі де қылмыскерлердің құрығына түсе жаздаған.
– Бәзбіреу қалалық стационарлық телефонға қоңырау шалып, менің келіншегімнің көлігімен бір баланы қағып кеткенін айтқан. Қылмыстық істі қозғамау үшін алаяқ менен 30 млн. теңге талап етті. Кейін ұялы телефоным мен мекенжайымды сұрап, ақшаны алып кетуге курьерді жіберетінін жеткізді. Мен оған полиция департаментінің мекенжайын айттым, — дейді Айдан Қабдұлдинов.
Облыстың бас полицейі алаяқтардың қитұрқы әрекеттерінің алдын алу үшін профилактикалық шараларды күшейту қажеттігін айтты. Осындай жұмыстың нәтижесінде өңірдің 720 тұрғыны қылмыскерлерге тойтарыс берген.