Облыстық тексеру комиссиясы Петропавлдың алты мемлекеттік органда жүргізген аудит барысында құны 1,1 млрд. теңгеден асатын заң бұзушылықтарды анықталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Тексеріс кезінде тағы 68 млн. теңге тиімсіз пайдаланылғаны белігілі болды.
— Заң бұзушылықтардың негізгі бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде анықталып, олардың сомасы 1,1 млрд. теңгені құрады. Ал мәдениет бөлімінде 16,4 млн. теңге тиесілі. Құрылыс бөліміне жүктелген міндеттемелерді мамандар уақтылы орындамаған. Салдарынан әкімдік жасаған 8 келісімшарт бойынша сот шығыстарын өтеуге бюджет есебінен 3,5 млн. жұмсалды, — дейді СҚО тексеру комиссиясының мүшесі Марат Ебжанов.
Аудиторлар мемлекеттік органдар көптеген заң бұзушылықтарға жол береді деген қорытындыға келді. Нәтижесінде ішкі мемлекеттік аудит департаментіне мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы бұзу фактілері бойынша 72 материал, қаржылық есептілікті бұрмалау бойынша сегіз материал, ЭЦҚ кілттерін беру фактілері бойынша әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін цифрлық даму министрлігіне жолданды.