Айыртау ауданының Лобаново ауылында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңа дәрігерлік амбулатория салынды. Жаңа нысанда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов аралап, дәрігерлермен және ауылдықтармен кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Лобаново ауылындағы амбулаторий 4 ауылда тұратын 1,6 мың адамға сапалы медициналық қызмет көрсетпек. Сондай-ақ өңір басшысы күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйінде Арықбалық ауылының тұрғындарымен жүздесті. Кездесуде тұрғындар сұрақтарын қойып, келесі жылға жоспарлар нақтыланды.
Белгілі болғандай, 2024 жылы Арықбалықтағы ауылішілік жолдар жөнделеді. Кейін облыс әкімі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарасты Сокологоровка ауылының тұрғындарымен кездесті. Бұл елді мекеннің тұрғындары жер мәселесі бойынша Ғауез Нұрмұхамбетовтың қабылдауында болды.
Бұдан кейін СҚО әкімі Ковыльное ауылына барып, өңірдегі белгілі диқан Серік Малаев бастаған шаруашылықтың жұмысымен және елді мекеннің тыныс-тіршілігімен танысты.