Еліміздің күрес федерациясы жылды қорытындылап, үздік балуандар мен бапкерлерді марапаттады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Биыл отандық күрестің дамуына үлес қосқан спортшылар сый-құрметке бөленді. Еркін күрестен әлем чемпионатында ел тарихының алғашқы алтын жүлдесін әкелген жерлесіміз Ризабек Айтмұханға пәтер алуға ақшалай сертификат табысталды.
Бұдан бөлек, бірқатар спортшы марапатқа ие болды. Олардың қатарында қызылжарлық балуан да бар. 20 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионы және 23 жасқа дейінгі спортшылар санатында өнер көрсеткен Азия біріншілігінің күміс жүлдегері Ислам Евлоевқа ақшалай сыйақы табысталды.
Күрес федерациясы өткізген конференцияда спортшылар ғана емес, төрешілер мен бапкерлер де назардан тыс қалған жоқ. «2023 жылдың үздік жаттықтырушысы» аталымында жерлесіміз Қонысбек Түкенов жеңімпаз атанды.