СҚО жолдарында полицейлер алысқа жүк тасымалдайтын бес жүргізушіге көмектесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Жүргізушілердің бірі 55 жастағы астаналық азамат Рублевка ауылынан 9 күннен бері кете алмаған. Оның «DAF» маркілі фурасы «Астана – Петропавл» жолының 418-шақырымында сынып қалды. Ер адамға көмекке келген полицейлер «Зенченко» КС техникасымен көлікті жөндеп, ретке келтірді.
Патрульдік полиция қызметкерлері «Жезқазған – Петропавл» тас жолының 779-шақырымында жол жиегінен аударылған «Hyundai» автокөлігінің 36 жастағы жүргізушісіне көмектесті. Бұл оқиға желтоқсанның 18-і күні түскі сағат екі шамасында орын алды. Тәртіп сақшылары «Черкасов» ЖШС-дан «К-701» тракторын шақыртып, көлікті жолға шығарды.
Ауа райының суықтығына 3 фура қатты аязға шыдамай қатып қалған. Бұл күндері полиция қызметкерлері жол үстіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, жүргізушілерге түнейтін орын, ауыр техника тауып берді, көлікті жылытып жатқанда айналадағы тәртіпті қадағалады.
– Қызметкерлеріміз кезекшілікке шыққанда жолдарда қиын жағдайға тап болған жүргізушілерге көмектесу қажет екенін айтамыз. Жүргізушілерден ТЖ қызметінің жолдардың жабылуы туралы хабарламаларын бақылап отыруды және жылы киімдерді бірге алып жүрулерін сұраймыз. Мықты телефон қуаттағышты да ұмытпаған жөн. Жолдарда мұқият болып, жол жүрісі қағидаларын сақтау қажет, – дейді СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі Уәлихан Оразалин.