Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің отырысында өңірдің қаңтар–қараша айлары бойынша әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен бюджеттің кіріс-шығыс жоспарының орындалуы жайы қаралды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов экономикалық индикатордың 96,7 пайызды құрап, республикада 20 орынмен шектелгенін жеткізді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 828,1 млрд. теңге болып, нақты көлем индексі 15,8 пайызға төмендеген. Сол сияқты дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өндірісі 20,7 пайызға кеміп кеткен. Мал шаруашылығы өнімінің көлемі 2,1, оның ішінде ет өндірісі–1,8, сүт 3,3 пайызға өскен. Ал жұмыртқа өндіру 3,6 пайызға төмендеген.
11 айда өнеркәсіптің нақты көлем индексі 113,4 пайызға орындалып, 574,7 млрд. теңгенің тауарлары шығарылған. Өңдеу өнеркәсібі–13,7, тау-кен өндіру өнеркәсібі–7,4, электрмен жабдықтау 18,9 пайызға артқан. Осы мерзім ішінде негізгі капиталға 382,1 млрд. теңге инвестиция құйылып, өсім 22,3 пайыз болған.
Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй-коммуналдық шарауашылығын дамыту бағытында ілгерілеу бар. Құрылыс саласында орындалған жұмыс көлемі 27,6 пайызға артқан. Жалпы ауданы 240,2 мың шаршы метр немесе 135,9 тұрғын үй ғимараттары іске қосылған. Жеке адамдар есебінен 118,5 мың шаршы метр баспана тұрғызылған. Тұрғын үй құрылысына тартылған инвестициялардың үштен бірі– бюджет қаражаты.
Жыл басынан бері бөлшек саудада 340,2 млрд. теңгенің тауарлары сатылған.
Есепті кезең аралығында 24 749 адам жұмысқа орналастырылып, 10 612 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылған. Осылайша жұмыспен қамту жоспары 102 пайызға орындалған. Жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша атқарылған жылдық көрсеткіш 99,8 пайызға тең. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 18 141 адам жұмыспен қамтылған болатын. Атқарылған шаралардың нәтижесінде үшінші тоқсанда жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайыз болды. Оның өсуіне жол бермеу үшін барлық алғы шаралар қабылдануда.
Республикалық қазынадан және Ұлттық қордан бөлінген нысаналы трансферттер мен кредиттер бойынша жоспар 96,8 пайызға атқарылған. Игерілмеген қаржы мөлшері–2,1 млрд. теңге. Жергілікті бюджеттен 2,6 млрд. теңге игерілмеген.
Өңір басшысы кей аудандарда ет, сүт, жұмыртқа өндірісінің төмендеп кеткенін өткір сынға алды. Осыған дейін өткен жиындарда да аудан басшылары жағдайды түзетуге уәде бергенімен, алайда көрсеткіштер сол қалпы қалған.
— Ет өндіру Ғ. Мүсірепов атындағы ауданда –178, М. Жұмабаевта–71, Мамлютте– 31, Есілде 75 тоннаға азайған. Аталмыш аудандарда бұл көрсеткіштің құлдырауы бірнеше ай бойы байқалған. М. Жұмабаев ауданының әкімі осыған дейінгі басқосуларда ет өндірісінің төмендеуін бухгалтерияның қателігі деп түсіндіріп, барлығын түземек болған. Бірақ уәдесінде тұра алмады. Осы цифрлар үшін аудан әкімі тікелей жауап беруге міндетті,– деген Ғауез Нұрмұхамбетов аудан әкімінен түсініктеме талап етті.
Әкімдік отырысында бюджет қаражатын игере алмаған аудан әкімдері мен басқарма жетекшілері де ескерту алды. Бұл тізімді Петропавл қаласы бастап отыр. Мұнда 1 млрд. 593 млн. теңге игерілмей қалған. Ал Уәлиханов ауданы бойынша – 488,5 млн., Шал ақында–419,3 млн., Қызылжарда–356,4 млн., Мамлют ауданында 252,3 млн. теңгені ұқсата алмаған. Ведомстволар арасында білім (223,7 млн.), құрылыс, сәулет және қала құрылысы (211,8 млн.) табиғи ресрустар және табиғатты пайдалануды реттеу (145, 3 млн.) басқармалары тұр.
— Кей облыстар республикалық бюджеттен қаражатқа қол жеткізе алмайды. Бізде керісінше жағдай орын алған. Мұны жауапты ведомство басшылары мен әкімдердің өз ісіне салғырт қарауы деп бағалаймын. Уақытты создырып, жыл соңына қарай қозғала бастайды. Жағдайды жедел түрде реттеуді талап етемін, – деді Ғауез Торсанұлы.
Өңір басшысы, тұтастай алғанда, негізгі экономикалық салалар бойынша оң өзгерістердің қалыптасқанын атап өтіп, тиісті ведомство басшыларына 2023 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуді және бюджеттің толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.