Қаңтардың 19-ы мен ақпанның 1-і күндері аралығында Оңтүстік Кореяда жасөспірімдер арасындағы IV қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Ұлттық құрама сапында 2 солтүстікқазақстандық спортшы ел намысын қорғамақ, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жасөспірімдер Олимпиадасына еліміздің спортшылары осымен төртінші мәрте қатыспақ. Биылғы байрақты бәсекеге 70 елден 1800-ге жуық атлет бақ сынайтын болады. Әзірге Қазақстанның еншісінде 5 спорт түрінен 30 жолдама бар.
СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, жасөспірімдер додасында ұлттық құрама намысын конькимен жүгіруден 2 спортшы қорғайды.
– Биылғы қысқы Олимпиадада Қазақстан атынан Алина және Криситина Шумековалар қатысады. Апалы-сіңлілі спортшылар – ел біріншілігінің бірнеше дүркін жүлдегері, жасөспірімдер арасындағы әлемдік додалардың қатысушылары болып табылады. Оларды Ольга Ихтендрис жаттығады, – дейді СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Марат Шынтеміров.
Алина мен Кристина Шумековалар конькимен жүгіру спортымен 12 жастан бастап айналысады. Бүгіндері спортшылар облыстық олимпиадалық резервтегі спортшыларға мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде оқиды.