Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде жерлес жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Қайсар жазушы» атты «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Шараға қатысқан М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай, қаламгердің қызы Марал Зейнел-Ғабиқызы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері мен қаламыздағы кәсіптік-педагогикалық колледждің студенттері талантты тұлғаның өмірі мен шығармашылығы туралы әсерлі сөз сабақтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Архив директоры Сәуле Мәлікова Зейнел–Ғаби Иманбаевтың өмірі мен қызметіне қатысты бірегей архивтік құжаттар туралы баяндай келе, қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың «Хаттар арқалаған сырлар» кітабына енгізілген естеліктерден жазушы туралы жазылған үзінділер оқып берді.
Марал Зейнел-Ғабиқызы жазушының әңгіме, очерк, повестерінде ауыл өмірі, соғыс зардабы, тылдағы ауыртпалықтар мен адамдардың қажырлы еңбегі сөз болатынын тілге тиек етіп, естеліктерімен бөлісті.
Шара соңында меймандар жазушының өмірі мен қызметі туралы архивтік құжаттар, жазушының жеке қорынан алынған фотоқұжаттар негізінде әзірленген көрмемен танысты.