Бүгінгі таңда облыста қызылшаға шалдыққандар саны 254-ке жетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жаңа жыл басталғалы бері өңірде 13 факті тіркелді. Аумақтық таралу бойынша науқастардың 85 пайызы, яғни 215 дерек Петропавлда, қалған жағдайлар өңір аудандарында анықталған. СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта қызылшаны жұқтырған 32 адам стационарлық ем қабылдап жатыр. Олардың 9-ы ересек және 23-і бала.
– Өткен аптада 6 адам ауруханаға жатқызылды. Оның 5-нің диагнозы расталды. Жалпы амбулаторлық тұрғыда 37 науқас емделіп жатыр. 15-і бала мен жүкті әйелдер. Жұқпалы ауруды жұқтырғандар үшін өңірде 181 төсек орын қарастырылған, — дейді СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасов.
Облыста қызылшаға қарсы екпенің 25171 дозасы бар. Бүгіндері өңіре вакцина алу мақсатында 265 пункт қарастырылған. Оның 37-і Петропавлда шоғырланған. Сондай-ақ жылжымалы екпе қою бригадаларының саны 95 екенін атап өткен жөн.