Әйелін өлтіріп, қылмысты жасыруға тырысқан Надир Абдулаев 10 жыл 5 ай мерзімге сотталды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өткен жылы Абдулаевтар отбасында жанжал шығып, күйеуі әйелін өлтіруге барған. Оқыс оқиға шілде айында орын алды. Араға 6 ай салып, қылмыскерге қатысты сот үкімі шықты. Сондай-ақ Надир Абдулаевқа қылмысты жасыруға көмектескен інісі де жауапқа тартылды.
СҚО қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Нұршәріповтың айтуынша, шілде айының 13-і түнгі 03:00 шамасында Надир Абдулаев әйелінің ішімдік ішіп алғанын көрген. Салдарынан екеуінің арасында жанжал туып, отағасы ұрыс-керісті қызына көрсетпеу үшін келіншегін орманға апарып сөйлескен. Жұбайлар сөзге келместен бір-біріне қол жұмсап, ер адам Викторияның қолындағы пышақты жұлып алып, оның ішіне және мойнына бірнеше соққы жасаған. Әйел сол жерде жан тапсырды.
– Абдулаев қылмысты жасаған соң ізін жасыру үшін інісі Гасановты шақырды. Екеуі орманда әйелдің мүрдесін көмеді. Кейін үйге оралып, киімдерін жуып, кейбірін қоқысқа тастаған, — дейді Ерлан Нұршәріпов.
Сотта прокурорлар қылмысқа барған азаматты 11 жылға, ал Иса Гасановты 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот шешімі бойынша Надир Абдулаевқа 10,5 жылын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзету мекемесінде өтеу жазасы қарастырылса, інісі түрмеге 1 жыл 5 айға қамалды.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.