Талдықорғанда волейболдан қыздар арасында қысқы ел біріншілігі өтті. Жарысқа 2009-2010 жылдары туған бойжеткендер қатысты. Чемпионатта өңір намысын «Қуаныш» командасы қорғады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Биылғы қысқы чемпионатқа 19 команда қатысты. Жерлестеріміз 7 ойын өткізіп, барлығында да жеңіске жетті. Жартылай финалда «Қуаныш» қыздары талдықорғандық «Жетісу» клубын ұтып, финалға жолдама алды. Ақтық сында солтүстікқазақстандық ұжым өскемендік «Алтай» командасын 3:2 есебімен ұтып, ел біріншілігінің жеңімпазы атанды.