Петропавлдағы Борки кентінде шаңғы жарысынан жасөспірімдер арасында облыс чемпионаты өтуде. Сайыстың бірінші күнінде қыздар мен ұл балалар классикалық стильде сынға түсті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Шаңғы жарысынан классикалық стильде алдымен 2006-2007 жылдары туған жасөспірімдер сынға түсті. Олар 5 шақырымдық қашықты бағындырып, қыздар және ұлдар арасында жеңімпаздарды анықтады. Кейін 2008-2009 жылдары туғандар 3 шақырымдық қашықты бағындырды.
Биылғы чемпионатқа 2010-2011 жылдары туған қыздар мен ұлдар қатысты. Бұрымдылар 1,2 шақырымдық, ал ер балалар 1,5 шақырымдық қашықтықта өз араларында мықтыны анықтады.
Бүгін жас спортшылар шаңғы жарысының еркін стилі бойынша сынға түсуде.
Облыс біріншілігінің соңғы күні қаңтардың 18-і күні шаңғы жарысынан аралас эстафеталар өтеді. Сайыс қорытындысы бойынша өңірдің жасөспірімдер командасы жасақталып, спортшылар республикалық сындарда СҚО намысын қорғауға мүмкіндік алмақ.