Облыс полицейлері отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерді алдын-алу мақсатында «Amanat» партиясы өкілдерімен кезекті рейдтке шықты. Шара барысында бірнеше жанжалқой жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Отбасында тіркелетін зорлық-зомбылыққа қатысты фактілердің дені ішімдік ішу салдарынан орын алып жатады. Оның аяғы қылмысқа әкеліп соқтыруы мүмкін. Рейд кезінде тәртіп сақшылары 38 жастағы Петропавл қаласының тұрғынының үйіне барды. Баспана иесі алкогольді мүлде қолданбайтынына сендіргісі келген, алайда шараптың иісі тәртіп сақшыларының күдігін туғызған. Өткізілген медициналық куәландыру да оның мас күйде екенін дәлелдеді. Осылайша ерекше талаптарды бұзу фактісі бойынша әкімшілік материал жиналып, іс сотқа жіберілді. Енді ер адамға 20 тәулікке қамауға алу қаупі төніп тұр.
– Бұл сияқты жағдайлар аз емес — жедел алдын алу іс-шарасының бірінші күнінде облыста ерекше талаптардың бұзылуының 11 фактісі анықталды. Соның ішінде қайталап құқық бұзушылыққа баратындар да кездеседі. Барлығы 128 түрлі құқық бұзушылық анықталды. Полиция қызметкерлері 55 адамды алкогольдік ішімдік ішкені немесе қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін жауапкершілікке тартты, — дейді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқарма бастығының м.а. Александр Розбах.