Астанада республикалық ауылдық мектеп оқушылары арасында өткен олимпиаданың жүлдегерлері мен жеңімпаздары анықталды. Бұл білім бәйгесіне 9-11 сыныптарда оқитын балалар қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қаңтардың 14-і мен 18-і аралығында жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен олимпиадаға облыстағы ауыл мектептерінің оқушылары қатысты. Жерлестеріміз жаратылыстану-математикалық бағында сынға түсіп, жүлдегерлер қатарынан көріне алды.
СҚО білім басқармасының мәліметінше, география пәнінен 1-орын – Айыртау ауданы «Шалкар орта мектебі» КММ 9-сынып оқушысы Астемір Сәлімге, 11 сынып оқушылары арасында жеңіс Айыртау ауданы «Имантау орта мектебі» КММ шәкірті Дарина Шабаеваға бұйырды. Информатикадан 1-орынды Есіл ауданы «Покровка орта мектебі» КММ 11-сынып оқушысы Виталий Сухомлинов иеленді. Математикадан 3-орын – Нұрсұлтан Биболсынға («Смирнов № 3 орта мектебі» КММ -нің оқушысы) берілді.
– Дарина Шабаева мен Виталий Сухомлиновке «Торайғыров университеті» КЕАҚ-тың (Павлодар мемлекеттік университеті) білім беру гранттары табысталды, — дейді СҚО білім басқармасының баспасөз қызметі.