Елімізде электр қозғалтқышпен жүретін көліктердің саны 7,7 мыңға жетіп, бір жылдың ішінде 9,5 есе өскен. Қазіргі уақытта өңірдің 15-ші нөмірлік белгісі осындай 43 электромобильге тағылыпты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облысқа алғашқы электромобиль 2022 жылы әкелініп, Tesla маркалы көлік тамыз айында тіркеуден өткен. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта облыс жолдарында Toyota, Volkswagen, Honda, Tesla, Zeekr, Mercedes-Benz маркалы 43 көлік жүр. Оның 35-і былтыр есепке алыныпты.
— Ел аумағына электромобильдерді әкелу үшін жеңілдетілген тариф белгіленген. Қазақстан Республикасының азаматына кедендік баж және өзге де салықтарды төлеуден босатыла отырып, 1 электромобильді жеке пайдалануы үшін әкелуге рұқсат берілген. Яғни утилизациялық алым да төленбейді. Автокөлік иесіне көлік құралын мемлекеттік тіркеу үшін ғана қаржы жұмсайды. Әкелінген көліктің шығарылған мерзімі 3 жылдан асқан жағдайда бұл сома 250 АЕК мөлшерінде болмақ, — дейді облыстық полиция департаменті процессингтік орталықтың бастығы Әсет Мәтен.