Өңірде қарақшылық жасағаны, зорлағаны және кісі өлтіргені үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған ер адам бостандыққа шықты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Тоқсаныншы жылдардың соңында қылмыскердің қолынан 10 әйел мен 1 кішкентай қыз зардап шеккен. Ер адам халық аз жүретін жерлерді торуылдап, құрбандарының артынан келіп, балтамен бастарынан ұратын болған. Зорлап, тонап, шешіп алған алтын бұйымдарды ол әйеліне сыйлап отырған. 1999 жылы қолға түскен қылмыскердің темір тордан шыққаны тұрғындарды алаңдатып отыр. Алайда, облыстық полиция департаменті қорқудың қажеті жоқтығын айтады. Өйткені жазасын өтеп шыққан адам үнемі бақылауда болмақ.
— Петропавл қаласының 60 жастағы тұрғыны осы жылдың 12 қаңтарында бас бостандығынан айыру орындарынан босап шықты. Алайда оған соттылығы толық өтелгенге дейін 8 жыл мерзімге әкімшілік қадағалау белгіленген. Бостандыққа шыққаннан кейін ер адам облыс орталығына келген соң, әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылды. Полиция оны «әкімшілік қадағалауда тұрған адам» санаты бойынша профилактикалық есепке алды, — делінген департамент мамандары берген жазбада.
Сот есепте тұрған адамға қатысты бірқатар шектеулер белгіледі: тұрғылықты үйінен сағат 22.00-ден таңғы 6.00-ге дейін, қала сыртына шығуға болмайды, ішімдік мен есірткі тұтынуға, демалыс орындарына баруға тыйым салынады. Белгіленген талаптарды бақылау үшін электрондық бақылау құралы — электронды білезік қолданылуда.