М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Ғылым және жоғары білім министрлігінің грантын иеленді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавлдағы жоғары оқу орнының ғалымдары ұшқышсыз ұшырылатын аппараттарды танудың нейрондық желілік моделін әзірлеумен айналысатын болды. Бұл мақсатқа министрліктен 99,35 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Тың бастаманы әзірлейтіндердің қатарында техника ғылымдарының кандидаты Ильдар Құрмашев та бар. Ол отандық және итальяндық ғалымдармен бірлесі жаңа жүйені құрастырмақ.
– Дрондардың көптеген модификациялары бар. Біздің міндетіміз – алыс ұшатын дронды танитын жүйені жасау. Бұл тапсырманы орындау үшін біз радиолокациялық қондырғыны алып, оны жетілдіреміз. Құс пен техниканы ажырата алатын арнайы жүйе болашақта кең қолданыс табатынына сенімдімін, — дейді ол.
Дрондарды тануға арналған бағдарламасына қолданыстағы ұшу аппараттары мен әртүрлі құстардың сипаттамалары нейрондық желі қосымшасына енгізіледі. Нәтижесінде бағдарлама аспандағы ықтимал қауіпті ажыратып, әуе қорғанысы жүйесімен көрінбейтін кішкентай коптерлерді анықтай алады. Ғалымдар «Антидрон» радиолокациялық жүйесін пайдалануды және тану радиусын екі шақырымға немесе одан да көпке дейін арттыру үшін радиолокациялық қондырғыны жетілдіруді жоспарлап отыр.