Петропавл қаласының кейбір тұрғындары абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылды
Петропавлда қар тазалау жұмыстарына 120-дан астам техника жұмылдырылған. Өткен жылдың қараша айынан бастап, облыс орталығынан 440 мың текше қар шығарылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Биыл Петропавлда қар нормадан үш есе көп түсіп, коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Өкініштісі, жеке тұрғын үй секторында қалалықтар өз бетінше аулалары мен маңайын тазартуға асық емес. Облыстық полиция департаменті бұл олқылықты түзету мақсатында абаттандыру ережелерін бұзған азаматтарды жауапқа тартуда.
– Абаттандыру ережелерін бұзғандарға келесі жаза қарастырылған: жеке тұлғаларға 20 АЕК, шағын бизнес субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға 30 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 30 АЕК және ірі бизнес өкілдеріне 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады, — дейді СҚО ПД баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері Петропавлда абаттандыру ережелерін бұзған 643 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 135-і қар жинау және шығару бойынша шараларды қолданбағаны үшін жазаланды.