СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов облыс орталығындағы спорт және білім нысандарының жұмысын тексерді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Камиль Сафин атындағы бокс мектебіне барды. Бүгінде спорттық нысанда боксқа 372 бала келіп жүр. Кейін өңір басшысы велоспорттан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде болды. Онда 240 бала жаттығады. Өткен жылы аталмыш орданың тәрбиеленушілері Азия чемпионатына қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
– Біздің міндетіміз – облыстың спорттық әлеуетін дамыту. Осы мақсатта биыл аудандарда төрт спорт кешені мен жабық жүзу бассейнін ашу жоспарлануда. Сондай-ақ Петропавлда үстел теннисі орталығы мен спорт-сауықтыру кешенін саламыз, — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Облыс әкімі Петропавлдағы «Алтын бесік» бөбекжай-балабақшасы мен № 17 ұлттық-өркендеу мектеп-кешенінде, Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде болды. Орта арнаулы білім ошағында студенттер зертханаларда практикалық дағдыларды игеріп, сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алуда.
– Білім саласында да оң өзгерістер болады. Биыл облыста 48 білім нысаны күрделі жөндеуден өтеді, — деді СҚО әкімі.
Биыл өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып, облыста 4 мектеп салынып, оның екеуі «Орман» және «Береке» шағын аудандарында орын теппекші. Облыс орталығында түзету мектеп-интернаты мен 2 балабақшаның да құрылысы жүргізілуде.