Петропавлда саңырауқұлақтар өсіретін ферма ашылады. Бұл істі «EcoGlade» ЖШС қолға алмақшы, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Саңырауқұлақтар өсірілетін ферманың құны 4,9 млрд. теңгені құрайды. Оның 3 жарым млрд. теңгесін «Солтүстік» ӘКК» АҚ қаржыландырып отыр. Жаңа кәсіпорынның жылдық уақыты 1,2 мың тонна болмақ.
– Биыл «Солтүстік» ӘКК» АҚ бірнеше жобаны қаржыландырмақ. Олардың қатарында «AGRO GRAIN SK» ЖШС салып жатқан дәнді және бұршақ-дәндес ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорын да бар. Инвесторға 64 млн. теңге бөлінді, — дейді «Солтүстік» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек, «Солтүстік» ӘКК» АҚ Қызылжар ауданындағы «Агрос» шаруа қожалығына көкөніс қоймасын салуға 300 млн. теңге бөлді. Онда шамамен 4 жарым мың тонна өнім сақталатын болады. Ал тайыншалық кәсіпкерге еділбай тұқымдас қойларды өсіруге мүмкіндік беріліп, кәсіпкерге қажетті техниканы сатып алуға 500 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді.