Білім және ғылым министрлігі қазақстандық жоғары оқу орындары арасында өткізілген рейтинг нәтижесін жариялады деп хабарлайды QyzyljarNews.kz тілшісі.
ҚР БжҒМ министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша жоғары оқу орындарының рейтингі 3 блокқа топтастырылған 19 критерий бойынша бағаланды. Яғни, түлектердің мансаптық перспективалары, білім беру бағдарламаларының сапасы мен студенттердің жетістіктері арқылы сараланды.
«Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру» бағыты бойынша С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМА үздік деп танылса, «Юриспруденция» бағытында М.С.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ көш бастады.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Педагогикалық ғылымдар» бағытында топ жарды. Ал, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласында үздік атанды.
Торайғыров университеті бірден «Жаратылыстану ғылымдары, математика мен статистика», «Өнер мен гуманитарлық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика мен ақпарат» аталымдары бойынша үздік деп танылды.
«Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» бағыты бойынша М.Қозыбаев атындағы СҚУ топ жарды.
Көпбейінді жоғары оқу орындары арасындағы рейтингте Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті, Торайғыров университеті және Қазақстан-Неміс университеті үздік деп танылды.
Естеріңізге сала кетсек, 2022 жыдың қыркүйегінде М.Қозыбаев атындағы СҚУ Аризона университетінің филиалы ашылады. Ол жерде АҚШ аккредиттелген білім беру бағдарламалары бойынша ағылшын тілінде оқыту жоспарланған. Студенттер – білім беру, ІТ, инженерия мен аграрлық технологиялар бойынша білім алады.
Сағындық МАУҒАЗИН